«Startup Bolashaq» бизнес-жобалар байқауының 5-ші маусымы басталды

«Bolashaq» Қауымдастығы өзінің 20 жылдығына орай «Alawwal Partners» компаниясымен бірге кәсіпкерлерге арналған бизнес-жобалардың республикалық байқауының бесінші маусымы басталғанын хабарлайды!

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде «Startup Bolashaq» бизнес-жобалар байқауының 5-ші маусымының басталуына баспасөз конференциясы өтті.

Брифинг барысында «Bolashaq» Қауымдастығының Кеңес мүшесі Алмас Құдайберген, «Alawwal Partners» инвестициялық қорының басқарушы серіктесі Қаныш Тілеушін, жобаның кәсіп-періштесі, CEO Freedom Holding Corp Тимур Турлов, BTS Digital бас директоры Нұртай Әбілғалиев, жобаның бренд-амбассадоры Динара Сатжан және де «Startup Bolashaq» байқауының екінші маусымының финалисті Диас Тастанбеков баяндама жасады.

Жоба бірнеше кезең бойынша жүзеге асады: өтінімдерді қабылдау, іріктеу, қатысушыларды оқыту және даярлау, бизнес-жоспарлар марафонын өткізу. Байқаудың нәтижесі бойынша 10 финалист іріктелетін болады. Жобаның 10 финалисті үшін бизнес-періштелермен питч-сессиялар ұйымдастырылады, олар перспективті стартаптарға 100 млн. теңгеден астам инвестиция салуға дайын.

Байқауға қатысуға арналған өтінімдер 22 қаңтарға дейін (қоса алғанда) онлайн www.startup-bolashak.kz сайтында қабылданады. Жеңімпаздардың аттары сәуір айныда белгілі болады. «Startup Bolashaq» байқауының барысын реалити-шоу форматында көруге болады. Байқаудың өтуі және өтінім беру туралы толығырақ ақпаратты www.startup-bolashak.kz сайтынан біле аласыздар.