Осы аптаның сейсенбісі күні «Болашақ» Қауымдастығы Кеңесінің мүшесі, ҚР БҒМ тәрбие жұмысы мен жастар саясаты департаментінің төрағасы Мадияр Қожахмет ІІ жастар инновациялық білім беру лагеріне келген жас көшбасшылармен кездесу өткізді. Кездесудің бас тақырыбы Қазақстанда мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылуы, оның бағыттары мен болашағы болды.
Жас көшбасшылардың алдында Мадияр Қожахмет азаматтық қоғамның қалыптасуындағы жастар ұйымдарының ролін ерекше атап өтті. «Біз қызметі қоғамдық-саяси процесстердегі жастардың ролінің артуына алып келетін, патриоттық сезімді тәрбиелейтін және жас ұрпақтың әлеуметтену процессіне жағымды әсер ететін жастар және балалар ұйымдарымен ынтымақтасып жұмыс істеуге мүдделіміз» - деді ол.
Сөз барысында ол, сонымен қатар, мемлекетте іске асырылып жатқан жалпыреспубликалық бағдарламаларға тоқталып өтті. Әсіресе, «Дипломмен ауылға» және «Жастар практикасы» бағдарламалары жастар тарапынан айтарлықтай қызығушылыққа ие болды. Мадияр Қожахмет мемлекет болашақта да ұйымдар мен мекемелердің жас мамандарды жұмысқа алуға деген қызығушылығын арттыруға, жастар үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға, оларды кәсіби даярлау және қайта даярлау мәселелеріне ерекше көңіл бөлетінін атап өтті.
Тимур Базарбаев.
