АСТАНА. Маусымның 11-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - 2010 жылғы «Жол картасының» жалпы бюджеті 133 млрд. теңгені құрайды.
Оның ішінде жергілікті бюджеттен қосымша қаржыландыру 43 млрд. теңге шамасында болып отыр. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «Нұр Отан» ХДП фракциясының кеңейтілген жиынында «Жол картасы» барысы туралы баяндаған ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ербол Орынбаев мәлім етті.
«Нақты фактілер бойынша 2009 жылы жұмысқа орналасқандардың 74 пайызын еңбекпен қамту органдары бағыттаған. 2010 жылы жалдамалы жұмыс орындары жергілікті органдар ұсынған кандидаттардың есебінен жүзеге асады, ал ондай ұсыныс болмаған жағдайда жұмысқа жалдаушы еңбекпен қамту органдарының келісімі бойынша оларды еркін еңбек нарығынан жалдайды», деді Е. Орынбаев.
Оның айтуынша, биылғы жылы әлеуметтік жұмыс орындары мен жастар тәжірибесін қаржыландыру шығындары артып отыр. «Жалпы, Жол картасы аясында 2 жыл ішінде еліміздегі барлық мектептердің ширегі және денсаулық сақтау нысандарының 50 пайыздан астамы жөндеумен, күрделі жөндеу жұмыстарымен қамтылатын болады», деді Үкімет басшысының орынбасары.
