АСТАНА. Маусымның 10-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - 2010 жылғы Қазақстанның ЖІӨ-дегі әскери бюджеті ТМД елдері арасындағы ең төменгі көрсеткіш болып отыр. Бірақ, Қазақстан өзінің аумағы мен шекара ұзақтығы жағынан ТМД-дағы екінші мемлекет.
Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында осы мәселелерді көтере келе, сенатор Мұхтар Алтынбаев Үкіметтен 2011-2013 жылдарға арналған ҚР Қарулы Күштерін қаржыландыру шығыстарын ЖІӨ-нің 1,2 пайызы деңгейіне көтеру туралы ұсыныс жасады.
Өз сөзінде сенатор сыртқы әскери қатерлерден Қазақстанның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қабілетті жақсы жарақтанған Қорғаныс Күштерін қалыптастыру үшін әскери саланы сатылап жаңғырту, ұтқыр, мобильді әскери дайындықты қамтамасыз ететін толыққанды ресурстардың болуы қажеттігін атап өтті. Ал М. Алтынбаевтың айтуынша, ҚР Қарулы Күштерінің жауынгерлік дайындық, әскери кезекшілік секілді негізгі қызмет түрлері әбден тозығы жеткен материалдық базаны пайдалану арқылы жүзеге асып келеді екен. «Әлемдегі әскери-саяси жағдайды сараптасақ, бірқатар өңірлерде, оның ішінде Орталық Азияда айтарлықтай даулы-жанжалды әлеуеттер әлі де баршылық, жергілікті дағдарыс сипатын тудыратын қатерлер әлі де сақталуда. Бұдан бөлек, әлем елдері арасында да, Орталық Азия елдері бойынша да әскери салаға бағдарланған шығындар жыл сайын арта түсуде. Жаһандық мамандардың есептеуінше, дағдарысқа қарамастан 2005-2009 жылдар аралығында қарулану мен әскери техникаға жұмсалған шығындар 22 пайызға артқан. Сонымен бірге, бұрынғы Кеңес Одағы мемлекеттерінде жалпы ішкі өнім деңгейінің төмендегеніне қарамастан, олардың доллар баламасындағы әскери шығындары 2009 жылмен салыстырғанда 5 пайызға, ал 2008 жылмен салыстырсақ 15 пайызға дейін артып отыр», деді М. Алтынбаев.
Депутаттың алға тартқан мәліметтеріне сүйенсек, ТМД елдері арасында әскери шығындары бойыншы бірінші орында Грузия (ЖІӨ 4,56 пайызы) тұрса, одан кейінгі орындарда Армения (4,07 пайыз), Әзірбайжан (3,95 пайыз), Өзбекстан мен Украина ( 3,5 пайыз) болып отыр.
Ал Қазақстанның әскери доктринасына сәйкес, қорғаныс саласының шығыстары ЖІӨ-нің 1 пайызынан кем болмауы тиіс. Бірақ, Қорғаныс министрлігінің бюджеті соңғы үш жыл бойынша бұл нормаға еш сәйкес келмейді екен. (2008 жылы - 140,1 млрд. теңге (ЖІӨ-ге - 0,92 пайыз), 2009 жылы 139,3 млрд. теңге (0,83 пайыз), 2010 жылы - 166,4 млрд. теңге (0,96 пайыз).
«2010-2012 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға сәйкес, Қорғаныс министрлігіне 2011 жылы бар-жоғы ЖІӨ-нің 0,87 пайызы жұмсалмақ және Қарулы Күштерді дамыту үлесі Қорғаныс министрлігі бюджетінің 4 пайызын ғана құрайды. Қолда бар мәліметтерге қарағанда, 2010 жылғы Қазақстанның ЖІӨ-дегі әскери бюджеті (0,96 пайыз) ТМД елдері арасындағы ең төменгі көрсеткіш болып отыр. Бірақ, Қазақстан өзінің аумағы мен шекара ұзақтығы жағынан ТМД-дағы екінші мемлекет. Осы айтылғанды ескере келе, Үкіметтен 2011-2013 жылдарға арналған Қарулы Күштерді қаржыландыру шығыстарын ЖІӨ-нің 1,2 пайызы деңгейіне көтеру туралы ұсыныс жасаймын», деді М. Алтынбаев.
