ТАШКЕНТ. Маусымның 11-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Шанхай ынтымақтастық ұйымының жауапкершілікті аймағында ақапараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 2011 жылы нақты жұмыс істейтін механизмді әзірлеу қажет деп есептейді.
«Қауіпсіздіктің өзекті өлшемдерінің бірі - ақпараттық қауіпсіздік саласына назар аудартқым келеді. Біздің өңірдегі соңғы оқиғаларды ескергенде, бірлескен іс-қимылдарсыз техникалық та, мазмұнды да тұрғыдан ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қиын екеніне тағы бір мәрте көзіміз жетті. Осыған байланысты ШЫҰ-ның жауапкершілікті аймағында ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде 2011 жылы нақты жұмыс істейтін механизмді әзірлеу үшін таяу уақытта консультациялар жүргізу қажет деп санаймын», - деді Н. Назарбаев бүгін Өзбекстанның астанасы Ташкент қаласында өткен ШЫҰ-ға мүше елдер Мемлекет басшылары кеңесінің кеңейтілген құрамдағы 10-шы мәжілісінде.
Мемлекет басшысының пікірінше, сонымен қатар мәдениет, туризм және спорт, білім және денсаулық сақтау салаларындағы ынтымақтастықтың, ШЫҰ аясында жастар байланысын дамытудың перспективасы зор екенін айтты.
Елбасы сондай-ақ соңғы уақыттарда табиғи және техногендік катаклизмдердің айтарлықтай көбейіп кеткендігіне және бұндай жағдайларда мүше-мемлекеттердің бір-біріне көмек көрсетуге дайын екендерін ескеріп, Қазақстанда ШЫҰ-ның Төтенше жағдайларды ескерту және салдарын жою жөніндегі орталығын құру бұл елдердегі стихиялық апаттардан сақтану деңгейін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
