ТАШКЕНТ. Маусымның 11-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Қазақстан ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің бірлескен күш-жігерін өңірде жұмыс істеп жатқан есірткінің заңсыз айналымымен күрес жөніндегі өңірлік құрылымдарының төңірегінде топтауды ұсынады.
Бүгін Өзбекстанның астанасы Ташкент қаласында өтіп жатқан Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдер Мемлекет басшылары кеңесінің кеңейтілген құрамдағы 10-шы мәжілісінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлімдеді.
Елбасының айтуынша, Орталық Азиялық өңірлік ақпараттық-үйлестіру орталығы есірткінің заңсыз айналымымен күрес жөніндегі ғаламдық желінің маңызды элементі бола алады. «Біздің барлығымыз Ауғанстаннның орнықты және тұрақты дамуын қалаймыз. Орталық Азия өңіріндегі және жалпылама әлемдегі бейбітшілік пен қауіпсіздік бұл елдегі жағдайдың қалыпқа түсуіне байланысты», - деді Н. Назарбаев.
Қазақстан Президентінің пікірінше, Ауғанстанды ШЫҰ кеңістігіндегі интеграциялық үдерістерге, экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастыққа, соның ішінде «ШЫҰ-Ауғанстан» байланыс тобы желісі бойынша, белсендірек тарту маңызды. «ШЫҰ мен Ауғанстанның терроризммен, есіркінің заңсыз айналымымен және ұйымдасқан қылмыспен күрес проблемалары жөніндегі іс-қимыл жоспарын тиімді іске асырудың маңызы өте зор», - деді Елбасы.
Н. Назарбаев ШЫҰ-ның 2011-2016 жылдарға арналған Антитеррорлық стратегия қабылдау есірткінің заңсыз айналымымен күреске бағытталған шаралардың тиімділігін арттыруға ықпал ететінін атап өтті.
