АСТАНА. Маусымның 9-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Петропавлда 7 миллион теңге несие азаматтың өліміне себепші болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ішкі істер министрлігінің мәліметтеріне қарағанда, мамырдың 16-сы күні Петропавл қалалық Ішкі істер департаментіне 40 жасар әйел келіп, өзінің 41 жасар күйеуінің таңғы сағат 9-00-дар шамасында жұмысына шығып, содан қайтып оралмағандығын айтқан. Тексеру барысында кәсіпкер азамат өзінің пәтері мен көлігін кепілдікке қойып, банктен 7 миллион 400 мың теңге несие алғандығы анықталды. Арнайы жүргізілген жедел-іздестіру жұмыстарының барысында Солтүстік Қазақстан облысының Есіл ауданына қарасты Петровка аулының 19 жасар тұрғыны ұсталды. Ол өзінің Петропавл қаласында тұратын және сонда жүргізуші болып жұмыс істейтін досымен бірлесіп, ақша үшін адам өлтіргендіктерін мойындаған.
Олар кәсіпкер азаматты шолақ мылтықпен басынан атып өлтіріп, қылмыстарын жасыру үшін мәйітті орманда алдын ала қазып, дайындалып қойған жерге көміп тастаған. Ұсталған азаматтың мәліметтері бойынша өлтірілген азаматтың мәйіті табылып, қылмыс жасалған қару да тәркіленген. Қазіргі таңда тәртіп сақшыларының қолына түскен азамат уақытша ұстау орынына қамалып, қылмысты ұйымдастырушы, яғни кәсіпкердің жүргізушісіне халықаралық іздеу жарияланды.
