ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ. Маусымның 8-і. ҚазАқпарат /Қанат Құлшыманов/ - Бүгін Қазақстан Респуликасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Жамбыл облысына екікүндік жұмыс сапары ауқымында Айша бибі кесенесінде болды.
Айша бибі кесенесі - Тараз қаласынан 18 шақырым жердегі өзімен аттас ауылдағы ХІ-ХІІ ғасырлардағы ортағасырлық сәулет ескерткіші.
Кесене қабырғаларының сыртқы беті оймыш ұсақ тақташалармен безендірілген. ЮНЕСКО халықаралық сарапшысының қорытындыларына сәйкес әлемде теңдесі жоқ ортағасырлық кезеңнің бірегей ескерткіші.
ХХ ғасырдың ортасына дейін кесене бұзыла бастаған күйде болды. Қазір оның солтүстік, оңтүстік және батыс қасбеттерінің екі бұрыштағы мұнараларының бөліктерін көруге болады.
2002-2005 жылдарда «Қазақ жобалау-қалпына келтіру» РМК түркістандық филиалының мамандары кесенеде қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді.
