ОРАЛ. Маусымның 9-ы. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Футболдан ҚР чемпионаты премьер-лигасының кезекті турында Оралдың «Ақжайығы» П.Атоян атындағы стадионда Қарағандының «Шахтерін» қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ақжайық» небәрі тоғыз ұпаймен көш соңында орнықса, «Шахтер» биыл Қостанайдың «Тобылынан» кейін екінші орында келеді. Сондықтан «Шахтер» ойын тізгінін өз қолында еркін ұстады. 16-минутта Алдин Джигич есеп ашса, ойынның екінші кезеңінде Гедиминас Вичус пен Айдос Тәттібаев мергендік танытты. Сөйтіп қонақтар 3:0 есебімен жеңіске жетті. «Ақжайық» тым болмаса бір доп соға алмай, жанкүйерлерін жерге қаратты.
